Бөкең туралы толғау

      Тірі кезінде айналасында шуағын шашып, артына тек қана жақсы із қалдырып кететін адамдар болады. 49-ға қараған шағында қапияда қаза болған Бөкенбай Сақтағанов осындай жан болатын. Білікті бапкер, дарынды спортшы, бокстан КСРО спорт шебері Бокенбай Сақтағанұлы Маңғыстау облысының, соның ішінде Мұнайлы ауданында бокстың дамуына үлкен үлесін қосқан азаматтардың бірі. Жыл сайын Мұнайлы ауданының бокс залында Бөкенбай Сақтағанұлын еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында Республикалық ашық турнир өтеді, жарысқа облысымыздан қатар еліміздің әр аймағынан және алыс-жақын шет мемлекеттерден жас былғары қолғап шеберлері келіп, шаршы алаңда жүлделі орындарға таласып, бақтарын сынайды. Шілде айының 7-ші жұлдызында Бөкенбай ағаның құрметіне өткен кезекті турнир аяқтала салысымен біз Бөкенбай ағаның жұбайы, інісі, досы және шәкіртінен сұхбат алып, сайтымызға жариялап, сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Баян Мұхитқызы (Бөкенбай Сақтағановтың жұбайы):

 

«Жігіттің төресі еді Бөкебайым…»

— Шынымды айтсам, Бөкенбай туралы айту маған оңай емес. Ол туралы айта бастасам, көзіме ыстық жас келіп, сөзімді жеткізе алмай қиналамын. Мен оның қасында 28 жыл бірге жүрдім, 25 жыл бір шаңырақтың астында түтін түтеттім. Өмірі қысқа болғаны болмаса, Бөкенбай дұрыс өмір сүріп кеткен адам. Өзімді осылай деп жұбатқан боламын. Ол ешқашан біреуге жалтақтап, өтірік айтқан адам емес. Тіпті 28 жылдың ішінде мен оның бір адамға қатты сөйлеп, ренжіткенін де көрмеппін ғой.

Ол түзде қандай болса, отбасында да сондай жайдары жан болды. Жарыстардан қанша шаршап келсе де, у-шу болып жататын бала-шағасына еш ренжімейтін. Бөкенбай екеуміз бес бала тәрбиелеп өсірдік. Екі ұл, үш қыз. Дария деген немереміз бар. Үлкен ұлымыз Бақытжан байланыс саласында еңбек етеді. Одан кейінгі Ләззат қызымыз ҚазҰУ-ды бітіріп қазір жұмыс жасап жатыр. Үшіншісі – Меңдіжамал Алматыда оқып жүр. Кәмшат –  мектепті бітіріп жоғарғы оқу орнында оқып жатыр, ең кенжеміз – Қыдырхан 11 класқа өтті. Әкесі жол апатына ұшырап қаза болғанда, қасында болған осы – Қыдырхан.

Бөкен көпшіл адам болатын. Үйімізден қонақ үзіліп көрген емес. Біздің бар көрген-білгеніміз бокс пен боксшылар болды. Бөкенбай достары мен спортшыларды жалтақтамай ілестіріп келетін үйге. Мен қолымнан келгенше қарсы алып, ешқайсысын ренжітпеуге тырыстым. Барымызды беріп, шығарып салатынбыз. Бөкен үйде де, спортшылардың арасында да өте сыйлы болды. Бақытты өмір сүрген адам болды деп мен толық айта аламын. Оның ең басты арманы шәкірттерін биіктен көру болатын. Осы жерде алғаш рет шәкірт тәрбиелеп, спорт мектебінің негізін қалады. Еңбегінің жемісін енді көремін бе деген кезде қаза тапқаны ғана менің жаныма батады. Жігіттің төресі болатын менің Бөкенбайым. Тағдырдың ісіне не шара…

Бөкенбайға бокспен айналысуына ешқашан қарсы болған жоқпын. Керiсiнше, жас кезiмде Бөкенбай қатысқан жарысқа мен де баратынмын. Кейiн байқадым, жарыс кезiнде елдiң бәрi маған қарап отырады екен.

Киікбай Сақтағанов (Бөкенбай ағаның інісі):

«Ағамның есімі ел есінде қалса деймін»

                — Біздер Қарақалпақ елінің Хожелі қаласында туып-өстік. Балалық шағымыз осы өңірде өтті. Алғаш рет бокс қолғабын да осы жерде кидік. Бөкенбай екеуміз бірге оқыдық. Ол менен бір-ақ жас үлкен болатын. Жалпы, біздер отбасында бес ұл, төрт қыз болдық. Ең үлкені Нұржан ағамыз құрылыс маманы. Одан кейін Елтай сауда техникумында оқыды. Үшіншісі Бөкенбай Ташкент ауыл шаруашылық институтын бітірсе, менен кейінгі інім Исатай политехникалық институтты тәмамдаған.

                Кыздарға келетін болсақ, ең үлкен қарындасымыз Алтын дәрігер болып еңбек етсе, одан кейінгі Ділдә қарындасымыз – Алматыдағы қыздар институтында ұстаздық етуде. Ділдә, сонымен қатар, бокстан Қазақстан қыздар құрама командасының психологы. Жанар деген қарындасымыз Бөкенбай еңбек еткен мектепте бухгалтерлік қызметте. Ең кішіміз Амангул менімен бірге «Қазақтелеком» АҚ-ының Маңғыстау облыстық бөлімшесінде жұмыс істейді. Негізі, біз бәріміз спортқа жақын болдық. Үлкен ағамыз Елтай бірінші болып бокспен айналысты да Бөкенбай екеумізді боксқа алып барды. Дегенмен, арамызда спорт жолын таңдаған Бөкенбай ғана болды. Ол бокстан Өзбекстан чемпионы атанды. Өзбек елінің жазғы спартакиадасын ұтты. КСРО спорт шебері нормативін орындап, Өзбекстан құрама командасында өнер көрсетті. Бірнеше халықаралық турнирлерде топ жарды.

                Елге, ата-бабамыздың кіндігі тамған жер Маңғыстауға біздер 1988 жылы көшіп келдік. Келгесін Бөкенбай депоға жұмысқа кірді де, кешкілік балаларға бокс үйретті. Кейін біржолата бапкерлік жолға түсті де, өз күшімен Мұнайлы ауданынан спорт мектебін ашып, өмірінің соңына дейін директоры болды. Оның шәкірттері өте көп болатын. Көпшілігі ел біріншіліктерінде үлкен жетістіктерге жетіп жүрді. Жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионын шығарды. Оның тәрбиесін көрген балалар өте бір инабатты, тәрбиелі болып шығатын. Ұзақ жылғы еңбегінің жемісін енді көремін деген кезде, арманына жете алмай кетті. Сонымен қатар ол жоғары дәрежедегі төреші де болатын. Көптеген үлкен турнирлерде, Қазақстан чемпионаттарында төрешілік жасап жүрді.

                Менің арманым – Бөкенбай секілді елге қызмет еткен ағамыздың есімі ел есінде мәңгілікке қалғанын, шәкірттерінің биік белестерді бағындырғанын көру.

Ерік Балжанов (Бөкенбай ағаның досы):

«Досымның атқарған ісі де, орындай алмай кеткен арманы да көп болатын»

                — Бөкенбай екеуміз Ташкентте бірге оқып, КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы Алексей Дин деген бапкердің қол астында жаттықтық. Бөкен өте мықты боксшы болды. Әсіресе, оның соққылары жойқын болатын. Өзі өткізген көптеген жекпе-жектрін айқын басымдықпен ұтушы еді. Өзбекстан чемпионы және спартакиадасының жеңімпазы атанды. Алайда, КСРО халықтарының спартакиадасына оны емес, басқа боксшыны алып кетті. Ол боксшы келгесін бір жарыста Бөкенбайдан нокаудқа түсіп жеңіліп қалғаны бар.                 Бөкенбай, сонымен қатар, шебер ұйымдастырушы болатын. Досы Махмуд екеуі Хожелі ауылынан Мыңтұрған Шаманов атындағы спорт клубын ашып, өзі директоры болды, шәкірт тәрбиеледі.    Елге оралғасын да бокстан бапкер болып, Маңғыстаудан көптеген талантты шәкірттер тәрбилеп шығарды. Спорт мектебінің ашылуына ұйытқы болып, директоры болды. Қорытып айтар болсам, досымның атқарған жұмысы да, орындай алмай кеткен жоспарлары да өте көп болатын. Жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын деймін.

                Әділбек Балғожа (бокстан спорт шебері, Бөкенбай ағаның шәкірті):

                «Бапкерімнің істеген жақсылығын ешқашан ұмытпаймын»

                — Алғашқы кездері жасөспірімдер арасындағы жарыстарға шығып жүрген кезімде ұтылған сайын бапкерім Бөкенбай ағама келіп мұңымды шағатынмын. Неге менің жолым болмайды? Неге ұтылып қала беремін деген сауалдар мазалайтын еді. Үнемі ұтылып жүрген кезімде бапкерім: «Әділбек, ересектер арасына өткен кезіңде жеңімпаз боласың. Ал әзірге шыныға түс. Жеңіле білмесең, жеңістің дәмін бағаламайтын боласың! Болашағың алда!», — деп жұбататын. Бөкенбай ағамды мен екінші әкем деп есептейтін едім. Себебі әкем мені бокс үйірмесіне әкеліп тапсырғанда Марат ағама: «еті де, сүйегі де сенікі» деген екен. Бірге жүріп көптеген қиындықтарды бастан өткердік. Ол кісінің менің өмірімде алар орны зор. Осындай биік дәрежеге жеткізгендігі үшін алғысым шексіз.

 

                Асқар Ағатаев

 

 

               

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *