ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс аймақтық құрылымдары арасындағы спартакиада аяқталды

Бүгін Ақтау қаласында облыс орталығында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдығына орай Батыс аймақтық құрылымдары арасындағы спартакиада аяқталды. Сайысқа ел тыныштығының қорғаны бола білген комитет өкілдері қатысты. Олар спорттың волейбол, суда жүзу, тапаншадан оқ ату, шағын футбол, қоян-қолтық ұрыс түрлері бойынша сынға түсті. Үш күнге жалғасқан жарыс қорытындысында жалпы командалық есепте ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің командасы топ жарып, І-орынды иеленді. Екінші орын Маңғыстау облысына, үшінші орын Атырау облысына бұйырды.

Жеңімпаздарды облыс әкімі Ералы Тоғжанов марапаттады.
— Елбасы Н.Ә.Назарбаев жуырда жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында болашағын ойлаған елдің рухы мықты, әр уақытта туы желбіреп тұратындығын айрықша атап өтті. Бүгін Сіздердің Батыс аймағы қауіпсіздік комитеті бойынша өткізіп жатқан шара осындай үлкен рухпен тікелей байланысты деп ойлаймын. Алда тәуелсіз елдің қорғаны ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдық мерейтойы келе жатыр. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Ел шебіне бекем, мерейлеріңіз үстем болсын,-деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Жалпы жарысқа әр командадан 35 адам қатысты. Үздік шыққан Ақтөбе командасы 5-7 шілде аралығында республикалық деңгейде өтетін жарысқа қатысатын болады.
— Батыс аймақтық спартакиадасында жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленгенімізге өте қуаныштымыз. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Барлық командалар да мықты дайындықпен келген. Мен қоян-қолтық ұрыстан 80 келі салмақта бағымды сынап, бірінші орынға ие болдым. 2014 жылы Орал қаласында өткен жарыста да бірінші орыннан көрінген болатынмын. Енді мықты дайындықты қолға алып, республикалық жарыста да жүлделі орыннан көрінеміз деп сенемін,-дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің капитаны Талғат Есенғалиев.

Тапаншадан оқ атудан әйелдер арасындағы сайыста екінші орынды маңғыстаулық Дәмет Егдірбаева алды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 15 жылдан бері еңбек ететін ол бұған дейін суда жүзуден үшінші орынды еншілеген.

  Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *