ШОҒЫ БАТЫР СПОРТ МЕКТЕБІ

Тәуелсіздікке қолымыз жеткен ширек ғасырда Қазақстанның спорттағы жетістіктері бізді әлемнің ең озық елдерімен бәсекеге түсуге ынталандырып, үздіксіз ұмтылуға жігер берді. Дамушы ел болсақ та, көк туымыз дамыған елдердің байрағынан биік тұрғанын көргенде, қай тартыстан да тартынбай, қай бәсекеге де бел буып, білек сыбана кірісуге тәуекел ететін болдық.

Дәл қазір Маңғыстау спорты бойынша жылды қорытындылап, өлкемізде өткен спорттық сайыстарды сараптай келе мына мәселеге назар аудартқым келеді.

16-17 желтоқсан күндері «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде дзюдо күресінен халық батыры Шотан Назарұлы атындағы ІІІ республикалық ашық турнирі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп қатысқан командалар арасында бас жүлде – турнир кубогын Шоғы батыр спорт мектебі (Маңғыстау облысының командасы) жеңіп алып, мерейімізді өсірді, мәртебемізді көтерді. Екінші орынды Шығыс Қазақстан, үшінші орынды Атырау облыстарының құрама командалары иеленді. Турнир жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Журналистер жарыс қорытындысын жаңалық қылып жарыса жазды. Оның басы-қасында болған федерация басшылары, спорт жанашырлары Самат Мусабаев, Тұрар Жолдыбаевтармен қатар Шотан батырдың ұрпақтарына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл сайыстар болашақ әйгілі палуандардың жұлдызын жақты деп сенемін. Оларға қарап бой түзейтін бүлдіршіндер мен жасөспірімдер һәм жастар арасында дене шынықтыру мен спортқа қызығушылық артары сөзсіз. Бұқаралық спорт та осылай дамиды.

Енді негізгі ойыма оралайын. Спорт жанкүйерлері мен өлке тұрғындары байқап жүрген шығар, кейінгі кездері бірнеше спорт түрлері бойынша «Шоғы батыр атындағы турнир», «Шоғы батыр спорт мектебі», «Шоғы батыр командасы» деген тіркестер жиі айтылып жүр. Оның басты себебі – баба рухының спортшыларға күш-жігер сыйлауы және батыр ұрпақтарының спортқа жаппай жанашырлық танытуында.

Қырықмылтық атанған Шоғы батыр Мұңалұлы (1667-1726) – қазақ жерінің біртұтастығын, елінің азаттығын сақтап қалу жолында ерлігімен көзге түскен белгілі батыр, аса даңқты тарихи тұлғалардың бірі. Түркі халықтарының рухани астанасы деген ресми мәртебеге ие болған Түркістан қаласындағы ұлттық пантеон Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде хандар, билер мен батырлар арасында жаугершілікте жүріп ерлікпен шейіт болған Шоғы батыр Мұңалұлы да жерленген. Халқымыздың басқыншы қалмақ-жоңғарларға қарсы ұрыс алаңдарында көзге түскен Шоғы батыр шешуші шайқас Сауран бекінісін алуға қазақ әскерінің бас батыры болып қол бастап, жеңіске жетіп, сол соғыста өзі де жараланып қаза тапқан.

Бүгінде Мұнайлы ауданында орта білім беретін мектеп пен Жаңаөзен қаласында жаңадан ашылған ең үлкен даңғыл Шоғы батыр есімімен аталады. Сондай-ақ Астанада Ақмола облыстық «Қырықмылтық» бокс мектебі бар (директоры әрі жаттықтырушысы – Мейрамбек Ғаббас).

Маңғыстауда ұзақ жылдардан бері Шоғы батыр спорт мектебі жұмыс жасайды. Жыл сайынғы дәстүр бойынша ол ұжым биыл да ҚР Тұңғыш Президенті күнінің құрметіне 1-3 желтоқсан күндері қазақ күресінен Шоғы батыр Мұңалұлы атындағы батыс аймақтық ашық турнирін өткізді. Командалық есепте де, түйе палуандар күресінде де маңғыстаулықтар, яғни осы мектеп шәкірттері жеңіске жетті. Бұл турнир келер жылдан бастап республикалық деңгейде ұйымдастырылмақ.

24 желтоқсан күні Жаңаөзен қаласында Н.Марабаев жүлдесіне арналған қазақ күресінен жасөспірімдер мен ересектер арасында өткен республикалық ашық турнирінің түйе палуандар белдесуінде үш орынды да Шоғы батыр спорт мектебінің палуандары жеңіп алды.

Ұлттық спортымыз – ұлттық рухымызды көтереді. Біздің брендіміз – ұлттық болмысымыз. Әсіресе, күрес дегенде, бойында қазақы қаны бар кез келген адам ішер асын жерге қойып, делебесі қозып, әруақтанып шыға келері сөзсіз. Соның ішінде қазақ күресі кейінгі жылдары қазақ елінің шекарасынан асып, Еуразия құрлығына кең тарағанын мақтанышпен айта аламыз. Күш атасы Қажымұқан мен белгілі бабамыз Балуан Шолақтың, Маңғыстаудан шыққан алып күш иелері Бөкен Қаралда палуан, Әли Балта палуан, Шоғы батырдың ұрпақтары Басшы, Боқы, Сүлеймен палуандардың даңқты ерлігі, күш-қуаты бүгінгі ізбасарларына рух сыйлайды.

Осы орайда аталмыш спорт мектебінің қалыптасып, дамуына тер төгіп, жиырма жылға жуық басшылық еткен ардагер спортшы, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, қырық жыл бойы облысымызда самбо, дзюдо, қазақша күрестен шәкірттер тәрбиелеген Темірхан Бисенқұлы ағамыздың ерен еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Бір әулеттен шығып, спортшылар династиясын жалғастырып келе жатқан Кенжебай Елубай, ағалы-інілі Қабыл, Әділ Бисенқұлы сияқты азаматтардың қажырлы қайратын, атқарған жұмысын спорт сүйер жұрт жоғары бағалайды. Оның көрсеткіші – шәкірттерінің жеңістері.

Маңғыстау облыстық қазақ күресі федерациясының президенті болып тағайындалған бір жарым жыл ішінде меценаты, қаржыгер-кәсіпкер, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аббат Өрісбаевтың да ұлттық спорттың дамуына қосқан үлесі зор. Ал, Шоғы батырдың ұрпақтары Қожахмет Шақабаев, Алпысбай Таймұхамбетов, Берік Амантұрлиев, Амангелді Құлбергенов, Сәрсен Алиев, Ержан Байходжаев, Қасым Оразмурадов сияқты азаматтардың жанашырлық, қамқорлығы ше? Олардың артында да бір қауым ел тұр. Ағайынның ауызбірлігінің арқасында абыройлы іс-шараларды ұйымдастыруға ұйтқы болып жүрген осы азаматтарды құрметпен атап өтуге тиіспіз. Бұлар ұжымдық ұйымшылдықтың үлгісін көрсетсе, жекелеген азаматтар да ауқымды шаралар атқаруда.

Бір-екеуін атап айтсақ, 24-26 қараша күндері Мұнайлы ауданы Шоғы Мұңалұлы атындағы орта мектепте жасөспірімдер (ұлдар) арасында шағын футболдан Шоғы батыр кубогі үшін ашық турнир өтті (ұйымдастырушылары – мектеп директоры Жамал Бөкен мен шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Бисенбай Айтбаев, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Талғат Орынбасаров). 15-16 желтоқсан күндері Жаңаөзен қаласында воллейболдан жасөспірімдер (қыздар) арасында Шоғы батыр жүлдесі үшін қалалық турнир өткізілді (ұйымдастырушылары – Каспий педагогика және салалық технологиялар колледжінің директоры Ісенбай Қалдаманов, Маңғыстау облыстық маслихатының депутаттары Жаңбырбай Дәрменов пен Мақсат Ибағаров). Бұл шаралардың бәріне де батыр баба ұрпақтары белсенді атсалысып, демеушілік танытуда.

Ел аузында Шоғы батыр спорт мектебі деп әлдеқашан аталып кеткен бұл кешеннің атауы ресми түрде әлі бекітілмеген. Өткен жылдары ұсыныс берілгенімен, ономастика комитетінде уақытша мораторий жариялануына байланысты кідіріп қалған. Енді жаңа 2018 жылы бірінші болып осы мектеп атауын бекітуге комитетке ұсыныс жолдануы керек деп есептеймін. Өйткені Елбасы ұсынған мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да басты мақсаттарының бірі осы – тарихи тұлғалардың еңбегін ұлықтау, есімін ұмытпау. Жауынгерлік рухын жадымызда жаңғыртып, жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулуда үлгі-өнеге қылу.

    Асқар Ағатаев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *