СПОРТЫ БАР АУЫЛ — ТҰЩЫҚҰДЫҚ.

Бейімбет Майлин ағамыз:  «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» – деп қанатты сөз айтқан. Біле білсек, қазақ спортының жеңісті дәстүрін жалғап жүрген саңлақтардың дені ауылдан шыққын. Сол себепті, ауыл-аймақтық жерлерде спортты дамыту, мемлекет пен қоғамның ерекше назарында болуы тиіс. 7 наурыз сәрсенбінің сәтті күнінде Ақтау қаласынан 234 шақырам жерде орналасқан Маңғыстау ауданына қарасты Тұщықұдық аулына барып, ауылдың спорттағы тыныс-тіршілігімен танысып қайттым.

Қазіргі таңда ауылда екі мыңның үстінде халық тұрады екен. Тұщықұдықтың негізгі саласы ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы екен. Жастар жағы Қаламқас пен Қаражанбас мұнай-газ кен орындарында жұмыс жасап, тіршіліктерін көріп жатыр. Ауылдағы Сәттіғұл Жаңғабылов атындағы орта мектеп — қашан да үзіктердің қатарында. Мектепте 500 -ге жуық балар оқиды. Көп жылдар бойы ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген басты мәселе ол, спорт кешеннің жоқтығы болған. Алыста тұрып, іргелі жұмыстың тізгінін ұстаған немесе кәсібінің тасын өрге домалатқан Тұщықұдық түлектері туған ауы­лына қайырылып, бар-жоғын түгендеуге мұрындық болды. Олар ауылдан спорт кешенін салуды қолға алған болатын, ағалардың жақсы бастамасын іліп әкеткен ауыл жігіттері – 1965-1996 жыл аралығында туғандар (Асқар Керелбаев бастаған, Садықов Марат, Сейтмағанбетов Болат, Сәрсенбай Нұрпейіс, Мұханов Зейін, Жолдасбаев Баймұрад, Ақтілеуов Еркін, Дүйсеев Нұрлан, Майемеров Бердіғали, Қодаров Әбілтай, Сағынғали, Ғазим секілді ауылдың азаматтары) білек пен тілек қосып, әрқайсысы өз шама-шарқынша құрылған «Тұщықұдық» қорына қаржы салды. Бұдан ауыл тұрғындары да тыс қалмай, мүмкіндігінше қаржылай үлестерін қосқан. Сондай-ақ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Қаражанбасмұнайгаз» АҚ кәсіпорындары да қаржылай демеушілік жасаған. Нәтижесінде мектеп ауласынан өз алдына бөлек ғимарат болып еңселі спорт кешені бой көтерді.  Көкейде тұрған келесі мәселе ол ауылға баратын спорт мамандарына жолақысын беру, пәтермен қамтамасыз ету, дұрыс еңбекақы төлеу болды.  Ең алғашқы болып спорт кешенде бокс секциясы ашылды, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бапкер Марат Джакиев үлкен қолдау білдірді, ол Шымкент қаласынан бокстан бапкер Ахрор Абдукаримовты арнай шақыртып, осы спорт кешенге жұмысқа орналастырды, жас бапкердің жағдайын жасап берді, ауыл әкімшілігі пәтермен қамтамасыз етті.

Қазір, Тұщықұдықта бокспен 50 бала шұғылданады, оның оны спорт шеберлігіне үміткер. Ахрордың шәкірттері көптеген жарыстарда топ жарып жүр, атап өтетін болсақ Азизбекулы Сайран, Ниязбай Адай, Мурасбай Мейрамбек, ағайынды Ерқанат, Қанағат, Мейрамбек Жолдиевтар.

2016 жылдың жазында спорт кешенде дзюдо секциясы ашылды. Ауылдың жомарт жігіті Қолғанатов Рүстем 3 млн теңге тұратын екі комплект татамиді сиға тартты. Абдуллаев Руслан мен Қойшыбаев Берен бастаған бапкерлердің қарамағында 46 бала тәлім алып жатыр. Дзюдо және самбодан үш спорт шеберлігіне үміткерді дайындады, көптеген шәкірттері Республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр, олар, Амангелді Ринат, Нұрланұлы Бекслан, Нұржігіт Нұрмұхамед, Базартай Жомарт, Ғабит Мерей, Нұрмұхаммед Шахмардан тағы басқа.

Тұяқов Аманқұл, Сәттіғұл Жаңғабылов атындағы орта мектептің дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы:

«Спорттың тұғыры ауылда. Нағыз хас шеберлер ауылдан шығатыны айтпасады белгілі. Кезінде талай боз кілемде топ жарған дзюдошы Баймұрат Өтесінов, Қонысбай Нұрбол, джиу джитсудан әлем чемпионы Жәнібек Әбубәкір,  джиу джитсудан әлем чемпионатының жүлдегері Сапармұрат Нұрмұхамбетов барлығы осы Тұщықұдықтың тумалары. Туған жерге тағзым және Рухани жаңғыру бағдарламаларының аясында бірнеше шаралар өткіздік. Өткен жылы Баймұрат Өтесінов дзюдо күресінен балаларға спорт шебрлігі сабағын өткізді, осы жылдың қаңтар айында, Лондон, Рио олимпиадаларының күміс жүлдегері, Әділбек Ниязымбетов, Азия, Әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов, APB чемпионы Берік Әбдірахманов және ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Дмитрий Середов қонақта болып, спорт кешенінде бокс үйірмесінің мүшелеріне шеберлік сағатын өткізді.»

Ауылдың спортын дамытпай, Қазақ елінің спортын дамыту қиындау болатыны сөзсіз, сондықтан ағайын, ауыл спортын дамытуға бәріміз бір атаның баласындай ат салысайық!

   Асқар Ағатаев

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *